Бүгін, Aitas Group басқарушы компанияның құрылтайшысы және ӨҚФ бас директоры Серік Толукпаев Ақмола облысында жаңа құс фабрикасының құрылысын бастады және ет өңдеу мен өсімдік шаруашылығы бағытын қарқынды дамытуда. Ол Forbes Kazakhstanжурналына осы жобалар бойынша әңгімелеп берді, сонымен қатар агросектор нарығының жағдайы жөнінде өз ойымен бөлісті.
F: Ашылуы 2017 жылдың соңына қарай жоспарланған Макинскідегі бройлер құс фабрикасының құрылысы қалай жүріп жатыр?
– Ашылуды біз бір жылға шегердік, енді өндірісті 2018 жылдың қараша айында іске қосуды жоспарлап отырмыз. Оның себебі – өткен жылы үлкен девальвация орын алды, сондықтан біз инвестициялардың құнын, әсіресе олардың қайтарымдық бөлігін қайта есептеуге мәжбүр болдық. Біз доллармен инвестиция салудамыз, өйткені капиталға Еуропалық Қайта құру және даму банкі қатысады, ал пайдасын теңгемен алатын боламыз. Сол себепті жобаның долларлық жағын барынша төмендетуге тырыстық. Біз ең оңтайлы арзан шешім іздедік, бастапқыда салынған жоба құнына сай болу үшін, құрылыс жұмыстарының бір бөлігін жергілікті материалдарға алмастырдық. 2015 жылғы бағам бойынша жобаның құны $150 млн бағаланған еді.
F: Жаңа есептеулер бойынша аталмыш жоба қанша қаражатты қажет етеді?
– Жалпы алғанда, 37 млрд теңге жұмсау жоспарланған. Өткен жылы біз 2,5 млрд жұмсадық, биылғы жылы 17 млрд инвестиция салсақ, ал 2018 жылы 18 млрд теңге қажет болады.
Жоба құны $10 млн құрамажем зауытының құрылысын қамтиды.
F: Алғашқы кезде инвесторлар қатысу үлесі 30% ЕҚДБ және CITIC Kazyna болады деп көзделген еді. Бүгінгі таңда жағдай қалай өрбуде?
– Мәселе былай, бұл жобадағы мүдделілік бойынша CITIC Kazyna-да қытай мен біздің тарап өзара келісімге келе алмады, сондықтан қытайлықтар қатысудан бас тартты, бұл бүкіл қордың жобадан шығатынын білдіреді. Енді CITIC Kazyna орнына компания капиталына Baiterek Venture Fund кірді.
Бұрын, мен, шынымен де, 30% көлемінде инвесторлардың қатысуын жоспарлаған едім, бірақ біз кэшті өзіміз де жақсы басқарып жатырмыз, сол себепті қаражат та азырақ талап етіледі. Біз жобаны іске асыру үшін инвесторлардың капиталда 18,5%қатысуы жеткілікті деп шештік: 12,5%ЕҚДБ-ден және 6%– BVF-тен. Біз ақшаны инвестициялауға дайынбыз. Мемлекет те өз тарапынан инфрақұрылымға 5 млрд теңге салуды жоспарлап отыр. Ол жерде тендер бойынша бірқатар мәселелер бар, олар биылғы жылы шешіледі деп ойлаймын.
F: Осы жерде мемлекетпен қарым-қатынас жайлы айтып кетсеңіз. Жол құрылысы бойынша үкіметпен келісімге келе алдыңыз ба?
– Бұған дейін, «Бизнес жол картасы – 2020» сәйкес, мемлекет жол салуды өзіне жүктеген еді, бірақ өткен жылы қаржыландыруды тоқтату туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта біз шығындар ішінде уақытша жол құрылысына қаражат бөлуді қарастырып қойдық, алайда ол біз үшін тым қымбат болмақ – шамамен 800 млн теңге жұмсалмақ. Дегенмен бұл асфальт немесе толыққанды жол жабыны емес, сондықтан бұл сұрақ әлі де өз шешімін тапқан жоқ.
Мемлекеттің не себепті бас тартып отырғанын мен түсініп отырмын, жол құрылысына шамамен 5 млрд теңге қажет, ал электрмен, газбен, сумен жабдықтау үшін және тұтас кәріз жүйесі үшін де дәл осыншама қаражат керек. Бірақ кәсіпорын құрылысы үшін жолдар да өте маңызды болып табылады. Үкімет және салалық министрлікпен осы мәселенің шешімін табамыз дегенге біздің үмітіміз зор.
F: Макинкскідегі бизнес-перспективалар жайлы сөз етсек. Жаңа құс фабрикасы сіздің бәсекелік басымдығыңызды қаншалықты арттыра түседі?
– Негізгі басымдық – солтүстікте орналасуы, өйткені ол жақта шикізат едәуір арзан. Бидай бағасы бойынша шығыс пен солтүстіктің айырмашылығы 10% жетеді, ал оңтүстік пен солтүстік арасы – 15%. Солтүстіктен оңтүстікке бидай тасымалдау шығынды көбейтеді, оның орнына өңдеу өнімін ет түрінде жеткізу тиімді, оған қоса, 1 кг ет өндіру үшін 2 кг бидай керек. Біз, сондай-ақ Астана мен Қарағанды секілді ірі агломерацияларға жақын боламыз, мұнда 1 млн астам тұтынушы тұрады. Және де, әрине, айта кету керек, Макинкскідегі энергиялық тиімді замануи жабдық қойылады, ол жоспар бойынша Өскемен фабрикасына қарағанда, өзіндік құнды 5-7%-ға төмендетеді.
F: Бұл өнім көлемдеріне қалай әсер етеді?
– Құс фабрикасы мен құрамажем зауыты бойынша екі кезектің іске қосылуы жоспарлануда. Біріншісін біз 2018 жылдың қараша айында іске қоссақ, екіншісі – 2018-2019 жылдары. Екі кезек 25 мың тоннаға дейін өнім өндіретін болады, яғни жылына біз 50 мың тонна өнім шығаратын боламыз. Шығыс өңірде қазір біздің өндіретін барынша көлеміміз – 28 мың тонна. Өнімді үлкен көлемде өндірген кезде тұрақты шығынның де азаятыны айдан анық.
F: Жаңа зауыттың іске қосылуы Ресейге жүргізілетін экспортқа әсері бола ма?
– Менің ойымша, жоқ. Өйткені біздің негізгі міндетіміз – импортты алмастыруды қамтамасыз ету. Қазіргі таңда Қазақстан шамамен 150 мың тонна құс етін, американдық құстың сан етін қоса алғанда, ресей мен беларусс өнімін мұздатылған тауық еті түрінде әкеледі. Жаңа құс фабрикасы нарықтағы бәсекелестікті едәуір қатайта түседі. Біздің еліміздің ЕАЭО-ға қатысуына қарамастан, нарық тұрғысынан алып қарағанда, Ресей мен Қазақстан бір-біріне мықты қарсылас деп есептеймін. Біз – шикізаттық, әртараптандырылған емес мемлекеттерміз, екі елдің де экономика құрылымы өте ұқсас, сондықтан бір азық-түлік тізбегінде сыйысып кетуіміз мүмкін емес.
F: Aitas басқарушы компания құрамына сондай-ақ өсімдік шаруашылығы мен ет өңдеу бойынша кәсіпорындар кіреді. Бұл нарықтағы бәсеке қаншалықты жоғары?
– Ет өңдеуде де басты бәсекелес – тағы сол ресейліктер. Олардың «Черкизово» және «Микоян» секілді мықты өндірістері бар. Осы екі ірі өндіруші қазақстандық нарықтың шамамен 50% алады. Біздің міндетіміз – сол 50% өзімізге қайтару. Бізде оны қалай іске асыру керектігінің анық түсінігі мен жоспары бар. Өткен жылы біз 6-7 мың тонна шұжық өнімін өндірдік, ал биылғы жылы 9 мың тонна деп жоспар қойып отырмыз. Орта мерзімді перспективада, біз ет өңдеу бойынша 20-25 мың тонна деген көрсеткішке жеткіміз келеді.
Өсімдік шаруашылығында біз бүкіл әлем бойынша елдермен бәсекелес боп жатырмыз. Егер сен әлем бағасы бойынша өнім шығара алсаң, онда сен бәсекеге қабілеттісің. Соңғы төрт жыл бойы біз Aitas agro компаниясы атынан Шығыс Қазақстан облсының өсімдік шаруашылығына инвестиция салып отырмыз, бұған біз Белларусиядан мықты менеджментті жұмылдырдық. Алғашқы екі жылда шығын көп болды, одан кейінгі жылдар – табыс әкелді. Биылғы жылы біздің қарқынды өркендеуімізге септігін тигізетін анағұрлым сапалы өсімге қол жеткіземіз деп ойлаймын.
Өсімдік шаруашылығы құс өндірісіндегі сатылай біріктіруді жақсы толықтырады, бұл бізге ұзақ мерзімді перспективада бәсекелес күресте озып шығуға мүмкіндік береді, өйткені біз өз жемазығымызды өзіндік құны бойынша аламыз. Әзірше жалпы тұтынудан 25-30% ғана қамтамасыз етіп отырмыз.
F: Біздің ет өңдеу нарығымызда ресейлік өндірушілердің осындай қомақты орын алуына не себеп?
– Ресейліктер өз тауарына жақсы беделді дәреже жасап алды, бірақ бұл негізінен маркетингтік тәсіл. Олардың өнімі керемет сапамен ерекшеленбейді, бірақ жарқын қаптама мен әдемі түрі есебінен олар табысқа жетуде. Қазастандық өнім олардан едәуір басымдыққа ие болуы үшін әлі талай тер төгу керек. Қазір біздің өндірушілерге тұтынушылар үшін дұрыс «месседж», яғни жол таба білуі маңызды және олардың назарларын сапасы мен жақсы брендингпен көзге түсетін қазақстандық тауарға аудару керек. Әзірше отандық компаниялар мықты маркетингпен, әсіресе, агросекторда, мақтана алмайды. Мен FMCG-де жұмыс істедім, бұл менің ең мықты қаруыма айналды десем, артық айтпаспын. Бастапқыда, біз өндірісте айтарлықтай тәжірибелі болмасақ та, қайта маркетинг жағынан едәуір басым боп, сонымен агросектордың өзге компанияларынан ерекшелене білдік.
F: Бүгінгі таңда еліміздегі агросектордың жалпы ахуалын қалай бағалайсыз?
– Егер біздің басты бәскелестеріміз – Ресей және Беларусиямен салыстыратын болсақ, біз шамамен бес-сегіз жыл, ал Украинадан тіпті де сегіз-он жыл арта қалып келеміз. Ал,егер, жалпы әлем бойынша салыстыратын болсақ, біз тіптен де арта қалып келеміз. Оның себебі, агросектор күнделікті ауыр еңбекті қажет етеді, тезектің, саз бен лайдың арасында жұмыс істеу 20-40 жас аралығындағы мамандар үшін тартымды емес. Адамдар «шикізаттық» ақша есебінен күн көруге бейімделіп кеткен. Біз, негізінен, кадрларды Ресей, Украина мен Беларусиядан тартамыз. Бұл елдерде аталмыш сала әлдеқайда дамыған, өйткені олар сонау тарихи заманнан бері жермен жұмыс істеп үйренген. Бірақ біз біртіндеп жергілікті кадрларды әзірлеп жатырмыз, мысалы, қазір басқа өндірістерден агросекторға көп мамандар ауысып кеп жатыр. Алайда бұл бір жылдың ішінде шешілетін мәселе емес.
F: Құс фабрикасының құрылысынан өзге, қазір компания тағы немен айналысуда?
– Бизнес әлемінде болып жатқан өзгерістерге құрылымы сәйкес келуі үшін бейімдегіш компания құру бойынша жұмыстар жүргізудеміз. Біз корпоративтік мәдениетті дамытуды өркендеудің бір жолы ретінде қарастырып отырмыз. Бүгінгі күні компания философиясы – дарынды кадрларды дамыту және қоғамға қызмет етуді бизнестің мақсатына айналдыру. Нарық күннен-күнге өзгеріп келеді, біз де оның талаптарына бейімделуге ұмтыламыз.
Авторы: Айша Еркебулан, Forbes Kazakhstan журналисті
Фото: Сергей Батурин